2026 жылдың «Жыл кітабы» – Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романы.
Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2026 жылы көпшілік оқуға ұсынылған шығарма ретінде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалды.
«Тағдыр» – қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртып, ел мен жер тағдырын, ұлттық болмыс пен адам рухының беріктігін терең бейнелейтін көркем шығарма. Романда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Шығыс Түркістан қазақтарының өмірі, тарихи отанынан жырақта қалған халықтың күрделі тағдыры, елдік пен еркіндік жолындағы ұмтылысы суреттеледі.
Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпты кеңінен қозғаған көрнекті қаламгер. Оның шығармаларында халық тарихы, ұлттық сана, туған жерге деген сүйіспеншілік және ұрпақ сабақтастығы басты орын алады.
«Тағдыр» романы жазушы шығармашылығының биік белестерінің бірі саналады. Осы шығарма үшін Қабдеш Жұмаділовке 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Романның басты құндылығы – тарихи оқиғаларды адам тағдыры арқылы көрсетуінде. Шығарма оқырманды өткенді тануға, ата-баба тарихын құрметтеуге, елдік пен бірліктің қадірін түсінуге жетелейді.
«Тағдыр» – тарих пен тағылым тоғысқан шығарма
2026 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында кітапханаларда «Тағдыр» романына арналған кітап көрмелері, әдеби кештер, оқырман конференциялары, пікірталастар, дауыстап оқу және кітап талқылаулары ұйымдастырылады.
Құрметті оқырман!
Сіздерді «Бір ел – бір кітап – 2026» республикалық акциясына қатысып, Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романын бірге оқуға, бірге талқылауға және қазақ халқының тарихын тереңірек тануға шақырамыз.
Бір кітап – бір тарих.
Бір тарих – ұрпаққа тағылым.