Тұяқ Көпейұлы Исабеков 1950 жылдың 29 наурызында дүниеге келді. Тұяқ Исабек Нұра ауданының Черниговка ауылында туып, оқыды және еңбек етті, 1967 жылы Калинин орта мектебінің орыс бөлімшесін тәмамдап, осы жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі де, 1972 жылы тау инженері біліктілігін ала отырып Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер асты игеру технологиясы мен механикаландыру мамандығы бойынша оқуын аяқтайды.
Амур облысында (Благовещенск қ.) Кеңес Әскерінің қатарында дивизиялық артиллерия офицері (взвод командирі, батарея командирі) ретінде әскери борышын атқарған соң, оның еңбек жолы Қарағандыкөмір КБ Западная шахтасында жер асты тау шебері лауазымынан басталды. 1977 жылы Тұяқ Көпейұлы өзі оқыған ЖОО-да ғылыми қызметпен айналысу туралы ұсынысты қабылдап, аға инженерден бастап, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, аспирант, ассистент, доценттен профессорға дейін барлық еңбек сатыларынан өтіп, осы іске бар өмірін арнады.
Тұяқ Исабек – 420 астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің авторы, оның ішінде 23 өнертабыс, 15 ғылыми монография, 8 оқулық, 12 оқулық әдістеме және т.б. туындылар бар.
Өзінің ұзақ жылғы және жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ҚарМТУ-ның еңбек сіңірген қызметкері, ҚР БҒМ-нің Жылдың үздік оқытушысы төсбелгілерімен (2008 және 2014 жж.), Ерен еңбегі үшін ҚарМТУ төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін ҚР БҒМ төсбелгісімен марапатталды, І, ІІ, Ш дәрежелі Шахтер даңқы белгілерінің толық иегері (2014-2016 жж.), ҚР ТҒҰА-ның Тау-кен ғылымының үздігі құрмет сыйының иегері. Көптеген құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие, оның ішінде ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы (2001 ж.), Ресей Федерациясы Энергетика министрі орынбасарының Алғыс хаттары (2014, 2016), ҚР ЭМ Көмір өнеркәсібі басқармасы басшысының Құрмет грамоталары (2015), Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаты (2016), Балқаш қаласы әкімінің грамоталары (2009, 2012), ҚарМТУ ректорының 10-нан астам грамотасы және т.б. бар. 2020 жылы оған Нұра ауданының Құрметті азаматы атағы берілді
Әдиша Көнекбайқызы Есмағамбетова 1947 жылдың 7 ақпанында Қарағанды облысы Нұра ауданының Киевка кентінде дүниеге келді. 1966 жылы №2 Киевка орта мектебін аяқтаған соң Киевка к. орта мектебінде екі жыл бойы (1966-1968) неміс тілінің мұғалімі, пионер жетекші болып жұмыс істеді. 1968-1972 жж. Қарағанды пединститутында оқыды. 1972 -1973 жж. аралығында Майоровка ауылының Киров орта мектебінде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, тәрбие жұмыстары бойынша ұйымдастырушы болып еңбек етті. 1973-1976 ж.ж. – Шахтер ауылының орта мектеп директорының оқу-тәрбиелік ісі жөніндегі орынбасары. 1976 жылы Нұра ауданының Ивановка ауылы орта мектебінің директоры болып тағайындалып, 1979 жылға дейін жұмыс істеді. 1979-1983 ж.ж. – Нұра ауданының білім бөлімінің меңгерушісі. 1983-1996 жж. аралығында №1 Киевка орта мектебінің директоры болды. 1996 ж. бастап 2006 ж. дейін Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасары. 2000 жылы Қарағанды облысы делегациясының құрамында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болды, ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды (201З ж.). 2006 жылдан бастап 2012 жылға дейін Нұра аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өлкетану секторының меңгерушісі. 2012 жылдан 2017 жылға дейін Нұра ауданының тарихи-өлкетану мұражайының директоры. Әдиша Көнекбайқызы Еңбек даңқы төсбелгісімен, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына, 20 жылдығына, 25 жылдығына, ҚР Конституциясының 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталды. 2020 жылы Нұра ауданының құрметті азаматы атағына ие болды. ҚР БҒМ ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкері төсбелгісімен марапатталған. Облыс және аудан әкімдерінің көптеген құрмет грамоталарының иегері.
Айділда Қалиақпарұлы Камзин 1930 жылдың 2 қаңтарында Қарағанды облысы Нұра ауданының Богучар ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысы басталмас бұрын Киевка ауылында 4 сыныптық білім алды (латын тілінде). Кейін оқуын тастауға мәжбүр болып, 1942 жылдан бастап ауыл тұрғындарымен бірге жұмыс істей бастады. Ауыр жұмыс жағдайында ересектермен қатар тәулігіне 16-18 сағат жұмыс атқарып жұмыс көлемін орындап отырды. 1947 жылы Қарағанды қаласына оқыту курстарына жолданды, механик – комбайнер мамандығын иеленді. 1942-1949 жылдары Киевская МТС-да комбайнер болып жұмыс жасады. 1949-1952 жж. аралығында Кеңес Әскерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1952-1955 жж. Итик колхозында жұмыс жасады. 1955-1990 жж. Киевский НПК-да механик, ЕҚ жөніндегі инженер, күзет бастығы, бригадир болып жұмыс атқарды. 1990 жылдан бастап зейнеткерлік демалыста. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен көп жылдарда қол жеткізген жетістіктері үшін Еңбек Ардагері медалімен, мерейтойлық медальдармен (ҰОС Жеңісінің 20-50-60-65-70 жылдығы), Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін, Соғыс Ардагері медальдарымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай медальмен, көптеген құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды. 2020 жылы оған Нұра ауданының Құрметті азаматы атағы берілді