Болат Әбдікәрімұлы Әбдікәрімов.
Қарағанды аймағындағы Нұра ауданының тумасы, ардақты аға, қаламгер, ғалым, еңбекқор азамат, қарымды қоғам қайраткері Болат Әбдікәрімұлы 2014 жылдың наурызының 1 –ші жұлдызында бұл фәни жалғанның есігін жауып, бақилық дүниеге өтті.
17.02.1939 жылы жарық дүниенің есігін ашқан. Ержетіп, қатарластарымен қатар орта мектепті, Қарағанды политехникалық институтын бітіріп, ҚазКСР-і мемлекеттік агрошаруашылығында еңбек жолын бастаған. Осы салада кәсіптік- техникалық білім басқармасының басшысы болып қызмет істеген. Одан кейінгі уақыттарда: 1990-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары, 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, 1995-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Білім министіргінің кәсіптік-техникалық білім Комитетінің төрағасы. 1996-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты құрамының сектор меңгерушісі, ал 1997 жылдан Евразия гуманитарлық институтының кафедра меңгерушілігі қызметін атқарған.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессорлық атақ алған ғалымның Қарағанды аймағын дамытудағы іс – әрекеттері де баршаға аян.1996 жылы ол аталмыш бағыттағы тақырып бойынша педагогика ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертациясын қорғады. 1997 жылы Б.Әбдікәрімовке Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры деген атақ берілді. Сонымен қатар еліміздің Жоғары аттестациялық комиссиясы 2001 жылы білікті ғалымға педагогика саласының профессоры атағын тапсырды. Болат Әбдікәрімұлы сондай-ақ экономика ғылымдарының кандидаты, экономика саласының доценті болды.
2001 жылдан ақырғы уақытына дейін Астана қаласындағы педагогика саласында докторлық қорғау Диссертациялық Кеңестің төрағалық қызметінде қаншама жас ғалымдардың болашағына жақсылық нұрын сепкені аян.
90 –нан астам ғылыми жұмыстары жарық көрген, 47 кандидаттық, 8 докторлық ғылыми еңбектерді қорғауға жетекші болған парасатты да пайымды, сабырлы да салмақты, білімді де білгір азамат Құрмет белгісі орденімен және бірнеше мемлекеттік медальдармен марапатталған ғалым.
1. Әлеуханұлы, Б. Елдің адамы еді…/ Б. Әлеуханұлы // Орталық Қазақстан.-2015.-14 ақпан.-8 б.
2. Болат Әбдікәрімұлы Әбдікәрімов // Орталық Қазақстан.-2014.-4 наурыз.-5 б.