Хамзе Жүсіпбеков 1900 Қарағанды облысының Нұра ауылында туған. Октябрь революциясының бірінші күндерінен қозғалысқа қатысып, Жастардың демократиялық одағының, Жас қазақ жастар Одағының қызметіне белсене араласқан.
1920 жылдан бастап Көкшетаудағы БК(б)П губерниялық бюросының және губерниялық комитетінің нұсқаушысы, одан кейін осы БК(б)П губерниялық комитетінің хатшысы, Ақмолалық губерниялық комитеттерінің бөлім меңгерушісі, Бөкеев губерниялық комитетінің жауапты хатшысы, ағарту ісінің қызметкерлері Одағының ОК төрағасы, БК(б)П өлкелік партколлегия комитетінің жауапты хатшысы, өлкелік комитеттің хатшысы, өлкелік кәсіподақ кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарады.
Қазақ АКСР әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары, 1936 – 37 жылдары Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының қазақ бөлімшесінде аудармашы, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры қызметтерін атқарған. 1935 – 36 жылдары Қазақ АКСР ОАК-нің мүшесі болды. 1925 – 37 жылдары мерзімдік баспасөзде әдеби сын мақалалары, әңгімелері, очерктері жарияланған. “Қарсақбай” атты кітабы жарық көрді (1928), Н.Островскийдің “Құрыш қалай шынықты” романың қазақ тіліне аударған (1935). Жүсіпбеков. 1935 жылдың қаңтар айынан әділет комиссары болып қызмет атқарады. Х. Жүсіпбеков басқарғанда Алматы кеңестік құрылыс институты заң институты болып қайта құрылды
Х.Жүсіпбеков БК(б)П XVII съезінің, кәсіподақ съезінің, IV, V, VI өлкелік партиялық конференциясының делегаты, 1927, 1932, 1936 жж. БК(б)П өлкелік комитеттің бюросының мүшесі, 1935-1936жж. Қазақстан атқару комитетінің Президиум мүшесі.
1937 жылы күзде “халық жауы” деген жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1938 жылы 26 ақпанда Хамзе Жүсіпбеков атылды. Алматы қаласы маңындағы “Жаңалық” ауылындағы қорымға жерленген.
Хамза Жүсіпбеков осындай үлкен əлеуметтік қызмет атқарып жүрген уақытта өзінің публицистік, сыншылық қаламын құрғатпай жазып отырғанын айрықша атауымыз керек. Хамза Жүсіпбековтің Əйелдер еңбегі жайынан (1926) жəне Шағым бюросы туралы не білу керек (1927) деген кітапшаларында күнделікті тұрмысқа қажетті ақыл-нұсқау айтылса, БКП(б) Өлкелік комитетінің ІІ пленумының қорытындысы деген кітапшасында партияның жүргізіп отырған саясаты, оны жүзеге асырудың жөн-жобасы баяндалды.
1928 жылы Қарсақпай атты публицистикалық шығармасы жарық көріп, Қазақстанның түсті металл орталығы болған өңірдің арғы-бергі тарихы қызықты баяндалып, оның жарқын болашағы суреттелді. Жаңа əдебиет журналында жарияланған Тұрба əңгімесі өзінің ажарлы тіл бояуымен көрінгенін айта кеткен орынды. Н.Островскийдің Құрыш қалай шынықты романын қазақ тіліне алғаш аударған Хамза Жүсіпбеков екенін айтсақ, оның
көркемдік дарынының шама-шарқын айқын байқаймыз.