Отарбаев Қанат Жариясұлы

Отарбаев Қанат Жариясұлы1958 жылы қазан айының 25 жұлдызында Қарағанды облысы Нұра ауданының Кеңжарық ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Жараспай орта мектебін тәмамдаған соң, еңбек жолын Нұра кеңшарының шопаны болып бастаған. 1976-1979 жж. Целиноград зооветеринарлық техникумын оқып бітіріп, Нұра кеңшарының бөлімше зоотехнигі болып қызмет атқарған.1987-1991 жылдары аралығында Целиноград ауыл шаруашылық институтында оқып, Ғалым-агроном мамандығын аяқтап шыққан. 1991 жылдан 1999 жылға дейін Нұра ауданындағы Балықтыкөл кеңшарының бас зоотехнигі қызметін жемісті атқарған.1999жылдан бастап Изенді АҚ президенті, кейін, 2002 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін, Отқанжар ЖШС асыл тұқымды қой зауытының директоры болып қызмет атқаруда.

“Отқанжар” серіктестігі-ауданның ірі қой шаруашылықтарының бірі. Негізгі бағыты-қазақтың құйрықты қойын өсіру. Мал шаруашылығын әртараптандыру мақсатында шаруашылық 2012 жылдан бастап ірі қара мал өсірумен айналысады.

Шаруашылық күшімен ауыл тұрғындарының игілігіне айналған көптеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынды.

Бүгінгі күні ауыл орталығы облыстың ең әдемі елді мекендерінің бірі болып табылады. Біздің ауданның 90-жылдығына орай серіктестік басшысы Қ. Отарбаев Топаркөл бөлімшесінде балалар ойын алаңын және тойхананы ашты.

2003 жылы Ерен еңбегі үшін медалінің иегері атанды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан Білім меценаты – 2008 атағы берілді.2010 жылы мемлекеттік награда — Құрмет орденімен марапатталды. Сол жылы Республикалық Парыз – 2010 конкурсында алтын жүлдені иеленді.Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудағы табыстары үшін Қарағанды облысы бойынша Үздік асыл тұқымды мал шаруашылығы номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ең үздік ұйым дипломымен марапатталған. 2013 жылы Халықаралық ұлттық бизнес рейтингінің қорытындысы бойынша Сала көшбасшысы атағына ие болды. 2014 жылы Қазақстан даңқы орденімен, ал 2016 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы қажырлы еңбегі үшін Қарағанды облысы әкімінің шешімімен Еңбек ардагері медаліне ие болды.Қарағанды облысы, Нұра аудандық мәслихатының үш шақырылымында депутат болып сайланған.

Өзі де шығармашылықтан құр алақан емес Қанат – өнерге жақын жан. Ол соңғы жылдары бірнеше әннің сөзін жазып, туған жерге, отбасыға, махаббатқа деген ыстық сезімін өлең жолдары арқылы өрнектей білді. Бұл әндердің музыкасын жазған – жергілікті танымал сазгер Амангелді Шахарбаев. Кейін бұл әндер Изенді иірімдері деген атаумен жинақ түрінде жарық көрді.

 

  1. Ахметова, Б. Бірлігі бар елдің берекелі тірлігі бар / Б. Ахметова // Орталық Қазақстан. – Қарағaнды, 2012. – 17 қараша. – 5 б.
  2. Байтұрсын, Т. Болса ғой басшылардың бәрі осындай / Т. Байтұрсын // Орталық Қазақстан. – Қарағанды, 2005. – 21 шілде. – 7 б.
  3. Байтұрсын, Т. Мал өсірсең – қой өсір / Т. Байтұрсын // Орталық Қазақстан. – Қарағанды, 2013. – 7 қырк. – 4 б.
  4. Бекмағамбетов, Б. Отқанжарлықтардың бітік егіні айналымына орташа 15 центнерден өнім беруде / Б. Бекмағамбетов // Нұра. – Киевка, 2002. – 21 қырк. – 2 б.
  5. Қабдолла, А. Бүгінгі күннің батыры / А. Қабдолла // Нұра. – Киевка, 2016. – 19 қараша. – 6 б.
  6. Жақантайұлы, Т. Қарлығаштай су сепкен қанатымен / Т. Жақантайұлы // Нұра. – Нұра, 2021. – 23 қазан. – 6 б.
  7. Мұсабек, Е. Елмен егіз есімі / Е. Мұсабек // Орталық Қазақстан. – Қарағaнды, 2018. – 25 қазан. – 6 б.
  8. Мұсабеков, Е. Арқаның алтын асығы / Е. Мұсабеков // Орталық Қазақстан. – Қарағaнды, 2019. – 19 желт. – 6 б.
  9. Нығметов, С. Туған жердің төл перзенті / С. Нығметов // Нұра. – Киевка, 2008. – 25 қазан. – 4 б.
  10. Рақұмқұлова, А. Ауыл шаруашылық саласының үздіктері марапатталды / А. Рақұмқұлова // Орталық Қазақстан. – Қарағанды, 2023. – 17 қараша.
  11. Сатыбалдин, С. Ауыл шаруашылық күніне орай марапаттау / С. Сатыбалдин // Нұра. – Киевка, 2016. – 26 қараша. – 2 б.
  12. Сағымбекқызы, Б. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар / Б. Сағымбекқызы // Нұра. – Киевка, 2011. – 1 қаңтар. – 1 б.
  13. Сағымбекқызы, Б. Нар жүгін көтерген азамат / Б. Сағымбекқызы // Нұра. – Нұра, 2018. – 20 қазан. – 6 б.