Салық кодексінің 212-бабымен салық төлеушінің (салық агентінің) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды импорттау кезінде жанама салықтар бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, салықтық есептілікті электрондық нысанда ұсынған кезде, оны ұсыну мерзімін ұзартуға құқығы көзделген.
Ол үшін, тіркеу есебіне қойылған жері бойынша салық органына, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы арқылы салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткенге дейін қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда хабарлама жіберіледі.
Мерзімді ұзарту салық органына мерзімді ұзартуға хабарлама жіберілген күнтізбелік жыл ішінде салық төлеуші (салық агенті) ұсынатын салықтық есептілікке қолданылады.
Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомаларының есеп-қисабын қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі:
1) корпоративтік табыс салығы немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны және (немесе) есеп-қисапты ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын;
3) тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдер деңгейі төмен салық төлеушілер үшін салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлері бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңге ұзартылады.
Мерзімді ұзарту салықтарды, бюджетке төленетін төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін өзгертпейді.
Арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерді қоспағанда, салықтық есептілікті ұсыну мерзімі тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекел деңгейі жоғары салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты ұзартылмайды.